Тақырыбы: Қазақ даласы- ұлы түркі елінің қара шаңырағы Тегі, аты-жөні: Жағыпар Амина Оқу орны: Көктөбе жалпы орта білім беретін мектеп Жасы: 14 Мекен-жайы: Май ауданы, Көктөбе ауылы, Торайғыров 21/1

Мақала

Тақырыбы:  Қазақ даласы- ұлы түркі елінің қара шаңырағы

Тегі, аты-жөні: Жағыпар Амина

Оқу орны: Көктөбе жалпы орта білім беретін мектеп

Жасы: 14

Мекен-жайы: Май ауданы, Көктөбе ауылы, Торайғыров 21/1

Отан, ел-жұрт тарихы бір дәуірден, бір күннен басталмайды. Бүгінгі егемен қазақ елінің мәдени мұраларының бастау бұлағы сан ғасырға созылған ежелгі түркілер мәдениетінен бастау алатын көне процесс.

Қазақ халқы- ерте заманда еліміздің Батыс өңірін, Алтай, Тянь-Шань таулары мен Жоңғар ойпатын, Жетісу өңірі мен Сырдария алқабын және Дешті Қыпшақ даласын мекендеген сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, алан, қимақ-қыпшақ, дулат, түркеш, оғыз т.б. тайпалардың түрліше тарихи даму кезеңдерін бастан кешіре отырып, бірте-бірте этникалық бірігуі және этногенездің жалпы заңдылықтары бойынша табиғи түрде дамуы арқылы халық болып қалыптасқанын бұрын-соңғы тарихшы ғалымдардың бәрі растап отыр.

Қазақ халқының шығу тегі туралы қазақтың байырғы шежіресінде де мол мәлімет сақталған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында да «Екі мың жылдық көне тарихы бар қазақ даласы- ұлы түркілердің қара шаңырағы» деп өте орынды атап өткен.

Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы-сырнай үнімен, асқақтата салған әсем әнімен, ғашықтық жырларымен, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерімен сан ғасыр бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.

Бүкіл әлемдік өркениет тарихына өшпес мұра қосқан екінші Аристотель атанған әмбебап ғұлама, ұлағатты ұстаз әл-Фараби бабамыздың да осы Қазақстан топырағында дүниеге келіп, артына ұлан-ғайыр рухани мұра қалдыруын да бүгінгі ұрпақ зор мақтаныш тұтады.

Түркі тілдес халықтарға ортақ асыл мұра қалдырған орта ғасыр ойшылдары: Баласағұни, Қашқари, Йүгінеки, Иассауи трактаттары, сондай-ақ Алтын орда дәуірінің ойшылдары: Хорезми, Бабыр, Сарайи, Дулати, Жалайыри, Әбілғазы т.б. еңбектерінің де тәлімдік маңызы зор көне тарихи мұралар.

ХҮ-ХІХ ғ.ғ. Асан қайғы, Шалкиіз, Жиенбет, Доспанбет, Ақтамберді, Бұқар, Шал, Дулат т.б. қазақтың күміс көмей, жез таңдай ақын-жырауларының тұрмыс-тіршілік, қоғам туралы айтқан терме толғауларының бүгінгі ұрпаққа берер өнегесінің көптігі де дау туғызбаса керек. Негізінен түркі тілдес халық алты тәуелсіз мемлекетте: Түркия мен Қазақстанда, Өзбекстанда, Әзербайжанда, Түркіменстан мен Қырғызстанда тұрады. Соңғы жылдары түркі халықтарының тарихы түгенделіп, бұрын айтылмай немесе бұрмаланып келген ақтандақтары анықталып, түркі әлемі тарихының мәдениеті мен ғылымының  дамуына үлес қосылды.

Еуразия құрлығының дәл кіндік ортасына орналасқан қазақ жері- кең байтақ өлкеге шашырай қоныстанып келген бүкіл түркі халықтары мен ұлыстарнының ата жұрты, ежелгі тұрағы, қара шаңырағы іспеттес. Бір-бірінен алшақ жатқан географиялық аймақты мекендегеніне, этникалық өзгешелігіне қарамастан, түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігі мен болмыс- бітімінде, салт-дәстүрі мен кәсібінде ,өмірі мен рухани мәдениетінде ортақ ұқсастықтар аз емес.

Түркі тайпалырының тілі, әдебиеті, тарихы туралы алғашқы толық мәліметті Орхон-Енисей жазба ескерткіштер материалдарынан, әсіресе,  орта ғасырлық ғалым  Махмұт Қашғаридің «Диуани лұғат- ат-түрк» (11 ғ) еңбегінен аламыз. Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріне «Күлтегін» мен «Тоныкөк» жырлары жатады. Бұл жырлар түркілердің ерлігін, елдігін дәріптейтін тұңғыш батырлар жыры болып саналады. Түркілердің өз елі, өз жері үшін жүргізген соғыстарын атап-атап көрсетеді де, сол жеңістердің оңайға түспегенін, оған Тоныкөктің ақыл-кеңесімен, ерлік істерімен үлес қосқаны суреттеледі. Тоныкөк жырында дидактикалық сарындағы қанатты сөздер, афоризмдер, мақал-мәтел болып халық тіліне мүлде сіңісіп кеткен сөз тіркестері жиі кездеседі. Әсіресе Тәңір, Түркі, Бек, Бай деген ұғымдар тілімізде күні бүгінге дейін алғашқы мағынасында қолданылады. Бұл жырларда қазаргі қазақтардың сөз саптау үлгісіне жақын шешендік өнердің дәстүрлі формалары айқын байқалады. Бұны көне түркі мәдениеті мен бүгінгі қазақ мәдениетінің сабақтастығының белгісі деуге болады.

Көшпелі түркі жұртының ортақ негізгі кәсібі- мал шаруашылығы болды. Ал өзен, көл жағалағандары балық шаруашылығымен, егін егу, бау-бақша өсіру ісімен айналасты. Қосымша кәсібі аңшылық өнері саналды. Қысы қатты, жазы ыссы, қуаңшылық далада үнемі ат үстінде мал соңында болған көшпелі түркілер тылсым табиғатқа бейімделе тіршілік етті. Олар өз ұрпақтарын еңбексүйгіштік пен төзімділікке, сөз асылын қадірлеуге, тапқырлық пен алғырлыққа, ат құлағын ойнауға, елін-жерін жаудан қорғауға баулып тәрбиеледі. Ұлттық ойындар арқылы жастарды әскери-патриоттық істерге баулыды. Жастарды ат үстінде аударыспақ,  күрес, көкпар, теңге алу т.б. ұлттық ойындары арқылы шапшаңдыққа, төзімділікке, ептілікке үйретті. Отбасында қыз бала мен ер баланы еңбекке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлді. Жігіттер мен қыздар бас қосқанда бір-біріне жұмбақ айтып, ән шырқап, би билеп, күй шертіп өнер жарыстарын өткізіп еңбекке, өнерге баулуды дәстүр етті.

Көшпенділер өз балаларын халық ертегілері арқылы келешекті қиялдай білуге баулыды. Өз халқын шапқыншылықтан қорғауда ерлігі аңызға айналып батырлық жырларға арқау болған Көрұғлы, Манас, Қырымның қырық батырлары: Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Қосай, Ер Көкше, Қамбар, Мамай, Едіге т.б. батырлардың ерліктерін үлгі етіп ұсынып, оларды елін-жерін ішкі-сыртқы жаулардан қорғауға үндеді.

Көшпенділер үшін елді, жерді, Отанды қорғау, ар-намыс үшін күреске тәрбиелеу мәселесі бірінші орынға қойылды. Сондықтан «Жаным- арымның садағасы», «Жан сақтама ар сақта», «Ар үшін алысып өлгеннің арманы жоқ», «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген мақал-мәтелдер түркі жұрты қастерлейтін қағида болды.

Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Н.Березин, Ә.Диваев, М.Әуезов, Е.Ысмайлов, М.Ғабдуллин т.б. тарихшы, фольклорист-ғалымдар түркі халықтары ауыз әдебиеті үлгілерінің үндестігін зерттей келіп, Қозы Көрпеш- Баян сұлу жыры Ноғайлы, Башқұрт, Саха, Алтай елдерінде де кездеседі десе, ал Алпамыс батыр, Манас, Көрұғлы жырларының кейбір нұсқалары өзбектерде де, қарақалпақтарда да, әзірбайжандарда да, қазақтарда да бар дегенді айтты. Бұл түркі халықтарының әдеби мұраларының көпшілік халықтарға ортақ екендігін дәлелдейді. Тіпті күні бүгінге дейін көрші өзбек, Қарақалпақ, Қырғыз, Түрікмен елдерінде қыпшақ, алшын, қоңырат, керей, арғын, найман т.б. қазақ руларының аттарының кездесуі «Түбі бір-түрік» елі екенімізді растайды. Олардың шыққан бұрын-соңғы мәдениет қайраткерлерінің еңбектерінің үндестігін ескере отырып, көне мәдени мұралары ортақ туыс халықтар деп есептеуге негіз болды. Мәселен, Фердаусидың атақты «Шаһнаме» дастанында (Х ғ.) жауынгер қазақ жұртының парсыларға қарсы соғысын суреттейтін немес «Жеті жарғы» атты мұра бөлу заңына негіз болуын айтса да жеткілікті.

Кеңес Одағының ыдырап, тарап кетуіне байланысты түркі халықтарының дамуындағы жаңа кезең басталды. Арада мың жарым жыл уақыт өткенде түркі елінің тап жүрек тұсында тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Түркілер тарихынан жалпылама болса да, азды-көпті хабары бар адамның қай-қайсысы да осы бір мәдени-тарихи және тілдік қауымдастықтың бұдан былайғы тарихы туралы зор үмітпен бұрын тарихта теңдесі жоқ үлкен мемлекет құрған, отаршылдық тарихының тар жол, тайғақ кешу азабын тартқан, тоталитарлық қоғамның қиын-қыстау күндеріне төзе білген түркі әлемі тап қазір сапалық жаңа дамудың тарихи перспективасымен бетпе-бет келіп тұр- енді ол түркі халықтарының тәуелсіздік туралы, дербес мемлекет құру туралы ғасырлар бойы армандап келген мақсатын жүзеге асырып, оны нақты мазмұнмен толықтыра түсетін кезеңге жетті. Түркі әлемі барлық уақытта да әр түрлі халықтар мен мәдениеттерді бір-бірімен байланыстыратын дәнекер буын болып келді. Қазіргі түркі әлемі уақыт өткен сайын өзара тығыз бірлесе түсіп, өздерінің мәдени мол мүмкіндіктерін тарытуға тиіс. Шамасы, болашақ зерттеушілер, ол үрдісті «Түркі- ислам өркениеті» деп атауы да әбден ықтимал. Түркі әлемінің аумағындағы болашақ тарихымыз әрқайсымыздың міндеттерді шешуге байланысты әр түрлі тұрғыдан келуді қажет ететін толып жатқан қыруар қарама-қайшылықтардан тұра ма, әр түрлі ұлттық мәдениеттердің өзара жанасып, жақындаса түсетін жүйелеріне сызаттар түсіп, быт-шыты шығып жүре ме, әлде қазіргі қатыгез тарихтың тулаған толқындарында біржола жоғалып кетпеуіміз үшін өзара бас қоса отырып, біртұтас мәдени-өркениет кешенін құру мақсатымен түркі әлемінің тұтастығын нығайта беру қажеттігін жете түсінетін биік деңгейге көтеріле аламыз ба- міне, мұның бәрі де біздің мемлекеттеріміздің қаншалықты дәрежеде күш-жігер жұмсай алатындығына тікелей байланысты мәселелер болып табылады. Біз өзіміздің бұған дейінгі өткен ата-бабаларымызды, болашақта дүниеге келетін ұрпақтарымыздың адамгершілік- имандылық борышымызды өз халықтарымыздың жалпыға бірдей ортақ  мәдениетінің өзара ұқсастығын сақтап қалып, соны саялағанда ғана адал өтей алатын боламыз. Бұл бағытта едәуір алға жылжуымызға Түркі халықтарының энциклопедиясын жазудың ізгі ықпалы мол болар еді. Сондай-ақ Түркі халықтарының пантенонын салудың, онда түркі халықтарынан шыққан ұлы қайраткерлерді және жалпы түркілік тарихқа тікелей қатысы бар маңызды оқиғаларды осы заманғы бейнелеу өнерінің тілімен жалпақ дүниеге жария етудің пайдасы бар. Түркі проблемаларын оқытып-үйрететін Халықаралық орталық ашылса, тіпті, нұр үстіне нұр болар еді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылы 22 қазанда Түркия парламентінде сөйлеген сөзінде: «…Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейін Ұлы далада өз билігін жүргізді. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған- киіз үйді, темірді, шалғыны, жебені, етікті, өкшені және үзеңгіні ойлап тапты. Темір нәлді етік киген, жебе асынып, арғымақ мінген түркі жауынгері жүріп өткен Еуразия даласын қорғаушы жауынгер Көк түріктің ерлігін баяндайтын эпостарды әлемге танытудың кезі келді »,- деп көрегендікпен айтқан сөзіне жауап ретінде көне түркі мәдениетінің заңды мұрагері екенімізді зор мақтанышпен атап өтіп, оны ХХІ ғасыр ұрпақтарына танытудың кезі келді.

Сондықтан да қазақ халқының жауынгерлік рухы мен ділмарлық-мәмлегерлік шешендік, ақындық өнері әлем халықтары арасында теңдесі жоқ асыл қазына болып саналып, халық жадында әлденеше ғасырлар бойы өшпес мұра ретінде сақталып келеді. Бұрын -соңғы орыс, саяхатшы-ғалымдарының қазақ халқының осы бай мұрасын ерекше бағалай, «ақын халық- батыр халық» деп ат қойып, айдар тағуы дәлелсіз емес, тарихи ақиқат.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Әлемдік педагогикалық ой-сана, 10 томдық, Таймас баспа үйі, Алматы 2010
  2. Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында», Алматы Атамұра 2003
  3. Қазақ әдебиеті, 8-сынып, «Мектеп» баспасы 2004

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>